Маңғыстау облысының жастар саясаты жөніндегі басқармасы
Ресми сайты

Біз қазақстандықтар - болашақтың біртұтас ұлтымыз. Осы сөз бәрін де айқындауы тиіс. Біз біртұтас халық болғандықтан этностар арасында ешқандай айырмашылық болмауы қажет. Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

Дельфий ойындары


 

 

 

 

 

 

Өнерлі өрендерді анықтаған сайыс

 

Бүгін «Жастар үйінде» ХІІ облыстық дельфий ойындары өтті. 

Шараны Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Жас дарындардың талантын ұштайтын өнер сайысына аймақтың бес ауданынан келген мектеп оқушылары қатысты.  

 Шараның ашылу салтанатында сөз алған Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Хажгереев Мирлан Сақтағанұлы: 

 - Құрметті жас жеткіншектер, достар! Баршаңызды бүгінгі ХІІ облыстық дельфий ойындарының басталуымен құттықтаймын. Бұл шараның бойларында өнерге деген құлшыныстары, қабілеттері бар жас өрендердің талантын ұштауға арналатыны баршаға аян. 

 Бүгінгі шара барысында өнердің 6 түрінен сайысқа түскелі отырсыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Өнерлеріңіз өрлей берсін! Тек бәйгенің алдынан көрініңіздер!- деді.

 Жастардың өнерге деген қызығушылығының артқанын дәлелдейтін фактор – бұл жыл сайын аталмыш сайысқа қатысуға өңірдің барлық аудандарынан келетін жасөспірімдердің санының өсуі. 

 Сайысты ұйымдастырушы – биылғы жылғы Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының әлеуметтік тапсырысын ұтып алған «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігінің директоры Шоданова Бибігүл Амантайқызының айтуынша, «Бүгінде дельфий ойындары жалпы республика бойынша өтіп жатыр. Осы облыстық байқауда әр номинация бойынша бірінші орын алған жүлдегерлер Маңғыстаудың атынан күзде Шымкент қаласында өтетін республикалық сайысқа қатысады. Республикалық деңгейде жеңімпаз атанғандар Халықаралық сайысқа қатысып, ел намысын қорғайтын болады». 

Бұл сайыстарды ұйымдастырудағы мақсат – жас таланттарды қолдау, көтермелеу».

-Жалпы, осы конкурсқа қатысуға Маңғыстау облысы бойынша 70-ке жуық ұсыныс келіп түсті. Алайда сайыс басталар алдында кейбір балалардың қалада болмауына және кейбірінің денсаулық жағдайына байланысты бүгінгі конкурсқа 66 бала қатысып отыр.

Сайысқа облысымыздың Жаңа Өзен қаласынан өзге барлық бес ауданынының балғындары қатысуда, - деді Бибігүл Амантайқызы.

Өнер додасында балғындар «Дәстүрлі ән» (өзінің сүйемелдеуімен жеке орындау), «Халық биі», «Ұлттық аспап -домбыра», «Эстрадалық ән», «Бейнелеу өнері» және «Фортепьяно» аталымдары бойынша сайысты. 

Әр номинацияда екі айналымда өнер көрсеткен балалардың қабілетін облыстық филармонияда жұмыс істейтін кәсіби өнер иелері – музыка саласының мамандары бағалады. 

Ұзақты күнге созылған өнер сайысының қорытындысы кешке таман шығарылып, қазылар алқасы байқаудың жеңімпаздарын арнайы Алғыс хаттар және дипломдармен марапаттады. 

Байқаудың қорытындысы бойынша «Ұлттық аспап -домбыра» номинациясында І дәрежелі дипломмен Бейнеу ауданының өнерлі өрені Мергенбайқызы Карима, ІІ дәрежелі дипломмен – Ахметқызы Әйгерім (Бейнеу ауданы), ІІІ дәрежелі дипломмен - Мұнайлы ауданының өнерлі жасы Нағима Берікбай марапатталды.

«Эстрадалық ән» аталымында ең үздік болып танылып, І дәрежелі дипломмен бейнеулік 15 жасар Юнусова Жансая марапатталса, ІІ дәрежелі дипломға - Қарақия ауданынан келген Қылышбек Мейрамбек ие болды, ал ІІІ дәрежелі диплом - Қарақиялық жас әнші Исаева Рысгүлге бұйырды.

«Дәстүрлі ән» (өзінің сүйемелдеуімен жеке орындау) номинациясының жеңімпаздары ретінде танылғандар: І дәрежелі диплом – Мұхамбет Сандуғаш Серікбайқызы (Мұнайлы ауданы) және Нұрлан Айдын (Маңғыстау ауданы), ІІ дәрежелі диплом – Жұмағұлова Айжұлдыз (Маңғыстау ауданы), ІІІ дәрежелі диплом – Рахмет Перизат (Маңғыстау ауданы).

«Халық биі» номинациясында жеңіске жеткендер: І орын – «Қызғалдақтар» би тобы (Түпқараған ауданы), ІІ орын – «Жұлдыз» би тобы (Бейнеу ауданы) және ІІІ орын иесі – «Інжу маржан» би тобы (Мұнайлы ауданы). 

Барлық жеңімпаз өнерлі өрендерді жеңістерімен құттықтаймыз!

 

Басқарма басшысы
Руководитель
Нурдаулетов Амангали Сулейменович
Өмірбаян